«Alash Pride» енді қуатсыз!
Оны біреулер жақтайды, енді біреулер даттайды. Ал біз бүгін оның барлық сырын ашамыз. Әр жекпе-жегін шоуға айналдыратын Қуат Хамитовпен сұхбаттасудың реті түсті.
– Алғашқы сұрақ сенің карьераңдағы соңғы жаңалыққа байланысты. "Alash Pride"-тан сен кеттің бе? Әлде клуб басшылығы сені шығарып тастады ма?
– Әрине, әркім өзінің жамбасына жағатын нәрсені айтады. Олар шығарып жібердік дейді. Ал менің айтарым, өзім кеттім. Арада ұсақ-түйек мәселелерге байланысты түсініспеушіліктер туындады. Не екенін ашып айтпай-ақ қояйын. Айтуға тұрмайды себебі. Сосын мен кетемін деп шештім. Осылай бәрі аяқталған болатын.
– Ал "ONE FC"-мен келісім-шарт өз күшінде қалды ма?
– Әрине өз күшінде қалды. Өйткені мен Сингапурға жарысқа кетер алдында "Alash Pride" орталығынан кеткен болатынмын. Әлемдегі ең мықты тұжырым орталығымен клуб емес, өзім 2 жылға келісім-шарт жасадым. Бірінші жекпе-жегім өтті. Енді биылғы жылдың еншісіне 2 кездесуім қалды. Ал келер жылы 3 жекпе-жек күтіп тұр. Мақсатым осы тұжырым бойынша чемпион атанып, елімнің байрағын көкке көтеру. Әлемге қазақ ұлтын таныту. Мен өз мақсатыма жететініме толықтай сенімдімін.
– "ONE FC" тұжырымы бойынша бірінші өткен жекпе-жегің сен үшін сәтсіз аяқталды. Аяқ асты салмақ қуудың салдарынан деп жаздың. Келесі кездесуге дайындық қалай?
– Әр спортшының құлайтын, шарықтайтын сәттері болады. Өйткені, бұл спорт. Мұнда сен алдын-ала не болатынын білмейсің. Сондықтан, бұл кездесудегі жеңілісім маған алдағы жекпе-жектерде сабақ болатыны сөзсіз. Ал "Неге ұтылып қалдың?" деп сұрайтын жандарға айтарым мынау: Біріншіден, мен шынымен де салмақты дұрыс қумай қателестім. Басында, арнайы дайындалған ваннада жатып, содан соң моншаға барып терлеген соң, менеджерім "Қуат, осы да жететін сияқты" деді. Өзіме де солай көрінген соң алаңсыз барлығын тоқтата салдым. Ертеңіне салмақ өлшенгенде тағы 2 келі тастауым керектігі анық болды. Жатпай-тұрмай артық салмақты қууға тура келді.. Мені дәл қазір қатты арықтауды армандайтын адамдар ерекше түсінеді деп білемін. Салмақ қуу, оңай шаруа емес. Сөйтіп, біраз әлсіреп қалдым. Одан кейін, тағы бір айтып кететін жайт мынадай, күш сынасатын спортшылар "допинг бақылау"-дан өткен жоқ. Сондықтан, қарсыласымның химияның көмегіне жүгінбегеніне кім кепіл?! Ал өзін химиялық қоспаның арқасында ұстайтын спортшылар, өзге спортшыға қарағанда бірнеше есе күштірек болады. Өйткені, химияға ағзаға ерекше күш береді. Ал мен химик-спортшылардың қатарынан емеспін.
– Онда неге сен де химияның көмегіне жүгінбейсің? Қайта рахат емес пе алдыңа келген қарсыласыңды пытырлатып сындыра беретін едің...
– Менің ойымша, алдымен өзін-өзі сыйлайтын спортшы химияның көмегіне жүгінбейді. Өйткені, бір рет дәрі еккізген адам, келесі жекпе-жек алдында да осыны қалап тұрады. Яғни психологиялық тәуелділік пайда болады. Одан кейін, ол спортшыда өзіне деген сенімсіздік пайда болатыны сөзсіз. Мен дәрісіз шықсам ұтылып қаламын деген ой болады. Яғни дәрі спортшыны адам ретінде де әлсіздікке ұрындырады. Ал , химияға жүгінбеуімнің ең басты себебі, менің мақсатым – "UFC" тұжырымы бойынша өнер көрсету. Ал ол жерде "допинг бақылау" қатал. Бұйырса, "UFC"-де бақ сынасқан уақытта қазіргі химиктер менің алдымда 1 раунд та шыдай алмасы анық.
– Оқырмандарың Тайландқа барып құр демалып қайтқанша, неге дайындалмадың деп кінә тақты. Мұндай айыптауға не дейсің?
– Олар мені айыптап жатыр ма? Шынымды айтайын ба? Менің әлеуметтік желілерді ақтарып, кім мен туралы не деген екен деп оны оқып, жауап қайыратын уақытым жоқ. Менің бұйырса деп жоспарлаған істерімнің көптігі сонша, еріккендердің ессіз айыптауларымен арпалысып отыратын артық бір минутым жоқ. Бәрінің көңілін табу мүмкін емес. Сол адамдардың бірі алдыма келіп "сен онша емессің", "маған ұнамайсың" деп айтып көрген емес. Сондықтан сыртымнан өлтіріп тастаса да болады. Ешкімнің қолын қақпаймын. Егер алдыма келіп айтса, іс басқаша болады. Ал Тайланд туралы айыптауларына келсем, мен ол жақта жүргенде өте жақсы формада болдым. Бірақ, жарыс алдында өз қалауыммен елге оралдым. Сөйтіп, осында зал таппай біраз уақыт жүріп қалдым. Соның кесірінен дайындығым үзіліп, формамды жоғалттым.
– Мұны мен ақталу деп түсінемін. Неге бірден Тайландтан Сингапурға кете салмадың?
– Олай жасауға болатын еді. Қасымдағы жанашырларым да дәл осындай ұсыныс айтты. Бірақ, мен өз елімнен аттанамын деп айтқанымнан қайтпай тұрып алдым.
– Олай жасауыңның себебін білуге бола ма?
– Әрине. Мен тағы да айтамын, ең алдымен мен өз елімнің патриотымын. Тайландта жарты жылдай уақыт болғанмен, қанша үйрендім дегенмен ол жақта өзіңді турист ретінде ұстайсың. Ал ел арқылы жарысқа аттансаң, іштей бір жауапкершілік пайда болады. Әсіресе, саған сеніп отырған әке-шеше, туған-туысқан, дос-жаранды көрген кезде менде өзіммен-өзім рухтана түсем. Дәл осы жауапкершілікті сезіну үшін елден аттанамын деп шешкен болатынмын.
– Жалпы әлеуметтік желілерде жаман пікір жазатын жандармен қалай күресесің?
– Күреспеймін. Жаза берсін. Айта берсін. Ауыз өзінікі. Ит үреді, керуен көшеді.
– Сұхбаттарыңнан білетінім, әкеңнің сөздері сен үшін заң. Еліміздегі ең ірі клубтан кетуіңе ол кісі қалай қарады?
– Иә, менің осы күнге жетуіме бірден-бір үлесін қосқан адам – менің ӘКЕМ. Бір қызық айтайын, мен 5-6 сынып оқып жүрген уақытымда, қараңғы түскенше көшеде жүріп, түнгі 12-1-де үйге кіргенімде әкем "қайда болдың" демейтін. Тек, "қайда бара жатқаныңды ескертіп кет" дейтін. Ол кісінің ең жақсы қасиеті – маған "былай жаса", "бүйт-сүйт" деп бұйырмайды. "Тек осылай жөн сияқты, бірақ өзің қарайсың ғой" деп ақылын қосады. Бұл жолы да әкем "Оң-солыңды танисың, өзіңе қалай дұрыс көрінеді, дәл солай жаса" деді.
– Жаңа Тайландтан келгенде зал таппай қалдым дедің. Жақсы жаттықтырушы да әлі кезікпеген сияқты. "Alash Pride"-тан кеткеніңе сәл-сәл өкініп, ішің ашитын кездер бола ма?
– Жоооқ. Күні бүгінге дейін өкінбеппін. Иә, аталмыш клуб маған көп демеу көрсетті. 5 жыл бойы менің барлық жағдайымды жасады. Ол жақтағы ағаларым маған ренжулі де шығар әлі. Ал менің оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Әр спортшының өсіп-жетілетін кезі болады. Менің де сондай сәтім келді. Соны іштей түсінген соң, кету керек деп шештім. Ал енді зал таппай қиналғаным туралы айтар болсақ, бұл мәселені де шешіп жатырмын жайлап. Бұйырса, жақын арада өз залымды ашамын. Ал өзіме жақсы жаттықтырушы таппағаным рас.
– Сен туралы енді Ардақ Назаровпен жұмыс жасайды деген сыбыс жүр. Қаншалықты рас?
– Жалған ақпарат. Сенбеңіздер. Ардақ бауырымды білемін, сыйлаймын. Бірақ бірге жұмыс жасау туралы әңгіме қозғаған емеспіз. Жаңа айтып өттім ғой, зал ашамын деп. Бұйырса, шәкірт тәрбиелесем деп армандаймын. Талантты спортшылар өте көп елімізде. Соларға қолдау көрсетсем деймін. Кезінде өзіміз арқа сүйейтін аға таппай қиналдық. Сондықтан, мен елімнің атын шығарам деп келетін жігіттер болса, шәкірт етіп алып, қолымнан келгенше көмектескім келеді. Сондықтан алдағы уақытта жақсы шәкірттер дайындаған кезде Ардақ бауырымның клубының спортшыларымен жолдастық кездесулер өткізіп тұруымыз мүмкін. Бірақ мұның бәрі болашақ еншісінде.
– Қуаттың елге спорттағы жетістіктері ғана емес, жеке өмірі де қызықты. Еліміздің мыңдаған қыздарының көкейіндегі сауалды қойғым келіп отыр. Жүрек бос па?
– Хм-м... Әзір мынау менің болашақ жарым деп таныстыратын ару кезікпей жүр. Өйткені іздеген де емеспін. Енді жігіт бола бастаған кезімде әкем "Қазір сен ешкім емессің, сондықтан осы уақытта үйленсең, жай ғана қызға үйленесің. Болды. Ал егер жетістікке жетіп, атыңды ел білген уақытта үйленетін болсаң, қалағаныңды таңдап жүріп аласың" дейтін. Неге екенін білмеймін, осы сөздер санама сіңіп қалыпты. Оған қоса, өзімнің де алдағы 3-4 жылдағы жоспарымда үйлену туралы ой жоқ. Алла қаласа, чемпион атанып, жұмыстарымды ыңғайластырған соң сүйіктімді іздеуді бастаймын. Оның үстіне, мінезім де ғажап адам емеспін. Сол жайт та кедергі болады көбіне. Егер менің қиын мінезіме, үнемі үйде түгілі елде болмайтын графигіме шыдаймын дейтін қыз табылып жатса қуанар едім. Бірақ, тағы да қайталаймын, менің мінезім өте қиын.
– Болашаққа жоспарың?
– Жоспар өте көп. Тек құр сөз болып қалмасын деп, істі бастап та кеттім. "Naiman Team" деген брендпен спорттық киімдер топтамасын шығарып жатырмын. Жақын арада сауда дүкендерінен көре аласыздар. Бірден айта кетейін, киім бағасы қарапайым халық қалтасы көтеретіндей болады. Қазір Алматы қаласында жаттықтыру залын ашу қамымен жүгіріп жүрмін. Одан бөлек, рамазан айы біткен бойда "ONE FC"-гі келесі кездесуіме жаттығуымды бастауым керек. Оған қоса, осындай сұхбаттарға да келіп, жаңалықтарыммен бөлісуге тырысамын.
– Ұстаған оразаң қабыл болсын. Қызықты сұхбат үшін үлкен рахмет.
Дана БЕКТҰРҒАН
22.07.2015 1042 0 Добавить в личный кабинет
Автор: sportinfo.kz Рубрика: Другие Категория: Казахстанские Тематика: Другие
Теги: Alash Pride, ONE FC, Куат Хамитов
Вернуться к списку материалов
comments powered by Disqus
Материалы по теме
Джитсеры новой академии выиграли турнир памяти...
Состоялся международный турнир по джиу-джитсу,...
Известный тренер по джиу-джитсу возглавил...
Депутат маслихата Алматинской области, тренер и...
Алия Юсупова: Будем бороться за лицензию
Представители Штаба по подготовке к Олимпийским...
Пн. | Вт. | Ср. | Чт. | Пт. | Сб. | Вс. |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |