Жаңа стадиондар – қазақстандық футболдың жаңа даму кезеңі
![]() |
Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы ауқымды жаңғырту кезеңін бастан өткеруде. Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сәйкес, елде 14 жаңа стадион салынып, тағы 7 арена реконструкциядан өтуде.
Бұл өзгерістер қазақстандық футболдың дамуына қалай әсер ететінін Qazaq Expert Club сарапшысы, футбол функционері Алтай Даумов түсіндіреді.
«Мен қазақстандық футболды жиі сүйікті ұлға теңеймін, ол ұзақ уақыт бойы қаржылай тұрғыда бай ата-анасына тәуелді болды.
Дамудағы басымдық көбіне қымбат легионерлерді тартуға берілді, алайда олар лиганың жүйелі өсуін қамтамасыз етпеді. Соған қарамастан, клубтар кеңестік кезеңдегі инфрақұрылымда ойнауын жалғастырды, бұл тәуелділікті одан әрі күшейтті», – дейді сарапшы.
Даумовтың пікірінше, мұндай ареналар дамуды айтарлықтай тежеді: сервис әлсіз, трансляция сапасы төмен және коммерциялық инфрақұрылым – VIP-аймақтардан бастап фудкорттар мен фан-дүкендерге дейін – жеткіліксіз болды.
«Сонымен қатар, стадиондар клубтардың меншігінде болмады. Нәтижесінде олар жанкүйерлерден табыс таба алмады, ал 200–500 теңгелік билет бағасы көпмиллиардтық бюджеттерді өтей алмады,» – дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі құрылыс толқыны – соңғы онжылдықтардағы сала үшін ең маңызды процестердің бірі. Бұған дейін Астана, Ақтөбе, Петропавл, Атырау, Ақтау, Шымкент, Семей, Өскемен, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Тараз және Павлодар қалаларындағы 14 жоба жарияланған.
Қызылордада 11 мың орындық жаңа стадион ашылды, жуырда Көкшетауда 10 мың орындық стадион құрылысы басталады, ал басқа қалаларда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтуде.
«Негізгі қателік – стадионды тек матч өтетін орын ретінде қабылдау. Қазіргі арена – бұл күн сайын жұмыс істеуі тиіс көпфункционалды коммерциялық алаң: концерттер, балалар турнирлері, корпоративтік іс-шаралар өткізу, мейрамхана және сервис секторын дамыту.
Еуропада стадиондар бұрыннан шығын емес, активке айналған. Топ-клубтардың матч күндеріндегі табысы жылына €2,4 млрд-қа жетеді, бұл тек сыйымдылықпен емес, сервис сапасымен, демеушілермен жұмыс және қосымша қызметтермен қамтамасыз етіледі», – дейді Даумов.
Қазақстан үшін шағын әрі тиімді ареналар форматы өзекті.
«Әрдайым 30–35 мың орындық стадиондар қажет емес. Көптеген өңірлер үшін 8–12 мың көрерменге арналған заманауи ареналар оңтайлы,»– деп түсіндіреді сарапшы.
Даумовтың айтуынша, мұндай жобалар тек спортты емес, қалалық ортаны да дамытуға серпін береді.
«Қазіргі арена клубқа табыс табуға мүмкіндік береді: абонементтер, VIP-ложалар, коммерциялық аймақтар, мерч, жалға беру, концерттер мен іс-шаралар арқылы. Бұл мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті біртіндеп азайтудың құралы,»– дейді ол.
Бұл өзгерістер әсіресе өңірлер үшін маңызды. Даумовтың пікірінше, стадион – тек спорт нысаны емес, жаңа тартылыс нүктесі. Демалыс, отбасылық уақыт өткізу және ірі іс-шаралар үшін кеңістік пайда болады.
«Ондаған жыл бойы заманауи инфрақұрылымы болмаған қалаларда мұндай нысандар даму символына айналады», – дейді футбол функционері.
Сонымен қатар, оның айтуынша, стадион мемлекетке беріліп, клуб тек жалға алушы болып қалатын ескі модельді қайталамау маңызды. Тиімді модель – клубтың басқаруға қатысуы немесе ұзақ мерзімді коммерциялық құқықтарға ие болуы.
«Дәл осы жағдайда ғана клубтар шығын бабы емес, қаланың толыққанды экономикалық активіне айналатын модельге көшуге жағдай жасалады.
Осы тұрғыда “бөліну” туралы айтуға болады: өз инфрақұрылымына ие болған қазақстандық футбол, сол “бай ата-ананың ұлы” сияқты, дербес қаржылық модельге көшу мүмкіндігін алады,» – деп қорытындылады Алтай Даумов.
04.05.2026
Рубрика: Другое Категория: Казахстанские Тематика: Другие
Теги: Алтай Даумов, футбол, Қазақстан, спорт, стадион
Вернуться к списку материалов





