Рафаэль Уразбахтин: Біз қарсыласымызды құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз
![]() |
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда грекиялық «Панатинаикосқа» қарсы өтетін матч туралы пікір айтып, журналистердің сұрағына жауап берді. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі «Қайрат» ФК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
— Сізден бұрын Марк Гуаль осында болды. Алдыңғы матчта ол грек скауттарының назарын өзіне аударған сияқты. Оны аяп, сақтап қалу керек пе еді? Жалпы 5:0 есебімен жеңбей, «Панатинаикостың» ашуына тимей-ақ қоюға болмас па еді?
— Жоқ, ондай ой болған жоқ. Біз әуел бастан әр матчқа жеке дайындаламыз дедік. Мұны бұған дейін БАҚ өкілдеріне де айттым. Чемпионаттағы ойын ба, әлде еурокубоктағы матч па — біз оларды бөліп-жармаймыз. Әр ойынға барынша дайындаламыз. Ол да әдеттегідей дайындалды. Конференция лигасындағы матчтан кейін елге оралдық та, бірден ішкі чемпионаттағы ойынға кірістік.
— Дегенмен атмосфераның басқаша екені сезіле ме? УЕФА өкілдері, шетелдік журналистер келеді дегендей.
— Бұл көбіне ойыншыларға қатысты шығар. Олар еурокубок матчтарына сәл көбірек шоғырланатын сияқты. Чемпионаттағы ойындар алдында бұл туралы көбірек сөйлесетін шығармыз, ал еурокубок матчтарына келгенде жігіттерді ерекше баптаудың қажеті жоқ. Олардың жинақы әрі шоғырланған күйде жүргені байқалады.
— Маусымның аяқталуына аз қалды. Физикалық және моральдік тұрғыдан шаршау да сезілетін шығар. Жігіттерді әлі де ойнап, өздерін көрсетуге қалай жігерлендіресіз?
— Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Біріншіден, олар — кәсіби футболшылар және өз міндеттерін кәсіби деңгейде орындауға тырысады. Екіншіден, жаңа айтқанымдай, еурокубок матчтары бар. Соңғы жылдары біз еурокубоктарға тұрақты түрде қатысып жүрміз. Ал оған дейін жыл сайын қатысып келдік деп айта алмайтынбыз. Сондықтан мұндай мүмкіндіктің әр сәтін бағалау керегін жігіттер жақсы түсінеді. Олар өздерін көрсетуге, мықты қарсыластармен ойнау арқылы деңгейлерін тексеруге тырысады. Сондықтан оларды ерекше ынталандырудың қажеті жоқ. Жігіттер өз міндеттеріне кәсіби тұрғыдан қарайды. Жалпы аздап шаршау бар. Бірақ бәрі жақсы болып, жеңіске жетіп жүргенде тезірек қалпына келесің әрі шаршағаныңды аса байқамайсың. Ал жеңілсең, физикалық тұрғыдан да, эмоционалдық жағынан да қатты шаршайсың. Өйткені жағымсыз эмоциялар қосылады. Біз бұған үйреніп те қалдық. Былтыр да ойнадық. Тәжірибеміз бар. Биылғы ойындарға қарап та осыны байқаймын. Былтыр екі-үш күн сайын матч өткізу қиынға соғатын. Биыл ойыншылар мұндай қарқынға көбірек бейімделген, жүктемені жеңілірек көтереді. Өйткені тәжірибе жинады.
— Ертең Якоб Нееструп баптайтын командаға қарсы ойнайсыздар. Ол «Копенгагенді» жаттықтырғанда да сіздер кездескен едіңіздер. Ертеңгі матчқа дайындық барысында былтырғы «Копенгагеннің» ойынына ұқсастық байқадыңыз ба?
— Иә, былтыр Чемпиондар лигасында кездескенбіз. Ол — өзіндік ойын идеялары бар заманауи бапкер. Заманауи футбол ойнайды, прессинг жасағанды және допқа ұзақ уақыт иелік еткенді ұнатады. Біз екі команданы салыстырып көрдік. Бұрынғы командасымен салыстырғанда, «Панатинаикостың» ойыны біраз өзгергені байқалады. Олар доппен көбірек жұмыс істейді, ойын жүйесі де сәл өзгерген болуы мүмкін. Меніңше, әр бапкер дамып, оның ойын үлгісі де өзгеріп отырады. Мұның бәрі ойыншыларға және олардың деңгейіне де байланысты. Бірақ «Копенгаген» мен «Панатинаикостың» арасында айырмашылық бар.
— «Панатинаикосты» «Андерлехт» секілді деңгейі мен мәртебесі жоғары команда деп атауға бола ма? Бұл маусымдағы сіздер үшін ең қиын қарсылас па? Екінші сұрақ: үш қорғаушымен ойнап, шартты түрде Байбекке гибридті рөл беруіңіз мүмкін бе?
— Қарсыластың қаншалықты мықты екенін ойыннан кейін түсінетін шығармыз. Бірақ клубтың тарихы құрметке лайық. Бұл — Грекияға танымал клуб. Матчқа дейін нақты бірдеңе айту қиын. Тек болжам жасауға болады. Олардың сапында жоғары деңгейдегі, шебер ойыншылар бар екенін түсінеміз және соны ескереміз. Бірақ кез келген қарсыласпен ойнауға болады. Оның үстіне, өз алаңымызда ойнаймыз. Біздің басты міндетіміз — ешкімнен қорықпау. Біз қарсыласымызды құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз. Батыл әрі тәртіпті ойнап, өз мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек.
Ал ойын жүйесіне келсек, мәселе үш қорғаушыға ғана тірелмейді деп ойлаймын. Үш қорғаушы қойсақ болды, бәрі ойдағыдай болады деген сөз емес. Қарсыласты жан-жақты талдап, дәл қазір эмоционалдық және физикалық жағдайы жақсы ойыншыларды таңдау керек. Қазір бұл туралы толығырақ айтпаймын.
— «Панатинаикос» сапында де Врей, Калабрия, Пеллистри, Сиссоко секілді ойыншылар бар. Сіз үшін бапкер ретінде бұл өз ойыншыларыңыздың Чемпиондар лигасында ойнаған тәжірибелі футболшылардың деңгейінде қалай көрінетінін бағалауға жақсы мүмкіндік пе?
— Бұған дейін айтқанымдай, «Панатинаикостың» сапында жоғары деңгейдегі ойыншылар бар. Биыл командаға тәжірибелі әрі шебер футболшылар қосылды. Мысалы, де Врейдің «Интер» сапында өткізген матчтарын алайық. Оның мәртебесі көп нәрсені аңғартады. Мұндай ойыншының командада болуының өзі жанындағы футболшылардың деңгейін көтереді. Жалпы командада жоғары деңгейдегі ойыншылар көп. Жаңа футболшылар мен жаңа бапкер келді. Команда қазір жаңару кезеңінен өтіп жатқан сияқты. Бірақ бәрі жаңа ойыншылардың бір-бірімен қаншалықты үйлесіп кететініне байланысты. Ал біздің ойыншылар үшін мұндай мықты қарсыластар аясында өз мүмкіндіктерін сынап, деңгейлерін көрсету — үлкен мүмкіндік. Сондықтан мұндай матчтарға жігіттерді арнайы баптаудың қажеті жоқ. Қарсыластың мәртебесі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым артық сөздің қажеті болмайды. Жігіттер бәрін өздері түсінеді әрі міндеттеріне кәсіби тұрғыдан қарайды. Әрине, олар үшін бұл — өздерін сынап, мүмкіндіктерін тексеруге арналған үлкен сынақ.
21.10.2026
Рубрика: Еврокубки Категория: Казахстанские Тематика: Футбол
Теги: Рафаэль Уразбахтин, спорт, Қайрат, футбол, Панатинаикос, Конференция лигасы
Вернуться к списку материалов
Материалы по теме
Марк Гуаль: загадывать наперёд для нас неправильно
Он поделился ожиданиями от матча второго тура...
Разговоры без диктофона с Александром Хапсалисом:... ![]()
Мы вспоминали футбольную Алма-Ату 70-х годов...




