«Қайрат» - «Тобыл» ҚР Суперкубогінда кім чемпион атанады?
![]() |
«Қайрат» - «Тобыл» Суперкубокта кім чемпион атанады?
Қазақстан Суперкубогі аясындағы «Қайрат» – «Тобыл» матчы қарсаңында өткен баспасөз мәслихаттарында екі команда да ең маңызды ойларымен бөлісті. Жаттықтырушылар мен ойыншылардың мәлімдемелері алдағы ойынның маңызын, командалардың қазіргі жағдайын және маусым алдындағы көңіл-күйін айқын көрсетті.
«Тобыл» сапынан бас бапкер Нурбол Жұмасқалиев пен шабуылшы Асхат Тағыберген қатысты. Асхат алдағы матчты халық үшін үлкен мерекеге теңеп, жанкүйерлерді осы футбол мейрамымен құттықтады. Оның айтуынша, команда ертең алаңға бар күшін салып шығып, жеңіске жету үшін барын береді. Сонымен қатар, ол ұлттық құрамаға қайта оралуы туралы да пікір білдірді. Стадионның оны ерекше шығарып салғанын айтып, өзін біртүрлі сезінгенін жасырмады. Әзіл-шыны аралас түрде мақал келтіріп, жауапкершіліктің жоғары екенін аңғартты.
Нурбол Жұмасқалиев жаңадан қосылған Кирилл Глущенков пен Урош Миловановичтің ертеңгі матчқа қатысу мүмкіндігіне тоқталды. Оның сөзінше, футболшылар жақында ғана командаға қосылып, бірнеше жаттығу өткізген. Нақты шешім ойын барысына байланысты қабылданады. Бапкер үшін басты мақсат – жанкүйерлерге ұнайтын мазмұнды ойын көрсету және трофейді жеңіп алу. Ал жүлдеақы мен кубоктың қайсысы маңызды деген сұраққа ол спорттық нәтиже мен көрермен көңілінен шығуды алдыңғы орынға қойды. Ислам Чесноков пен Темірлан Ерлановтың клубтан кетуіне қатысты пікір білдірген бапкер ойыншылардың ауысуы – футболдағы қалыпты үдеріс екенін айтып, олардың орнына басқа футболшылар келгенін жеткізді.
«Қайрат» тарапынан бас бапкер Рафаэль Уразбахтин мен қорғаушы Еркін Тапалов сөз сөйледі. Уразбахтин Дастан Сатпаевтың жағдайы туралы айтып, оның жалпы топпен жаттығып жатқанын және медициналық штабтың рұқсат бергенін мәлімдеді. Ойыншыны матчта пайдалану мүмкін, алайда алаңға шығатын уақыты ойын барысына қарай шешіледі. Сонымен қатар, бас бапкер маусымаралық дайындықтың қысқа мерзімде өткенін атап өтті. Қаңтар айында ресми матчтардың ерте басталуы жаттығу процесін жеделдетуге мәжбүр еткен. «Брюггеге» қарсы ойында командаға жылдамдық жетіспегенін, ал «Арсеналмен» кездесуде көрсеткіштердің жақсарғанын айтты. Қазіргі таңда команда толық оптималды бабында болмаса да, алдағы турларда қосымша қарқын қосатынын жеткізді.
Еркін Тапалов ораза уақытындағы жағдайға тоқталып, командада бірнеше ойыншы мен қызметкерлердің ауыз бекітіп жүргенін айтты. Барлық шешімдер дәрігерлердің кеңесімен қабылданатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Чемпиондар лигасындағы ойын қарқыны мен Қазақстандағы алаң сапасының айырмашылығын сөз етті. Оның пікірінше, жоғары деңгейдегі интенсивтілік көбіне инфрақұрылым мен жасыл алаңның сапасына байланысты. «Астана Аренадағы» сапалы алаң ертеңгі матчтың жоғары қарқында өтуіне мүмкіндік береді.
Осылайша, екі команда да Суперкубок матчына үлкен жауапкершілікпен дайындалуда.
28.02.2026
Рубрика: Кубок Казахстана Категория: Казахстанские Тематика: Футбол
Теги: Қайрат, Тобыл, Қазақстан Суперкубогі, Астана Арена
Вернуться к списку материалов




