Үш алтын: қазақстандық гимнастар әлем біріншілігі алдындағы дайындығын сәтті аяқтады
https://olympic.kz/images/1759176460.jpg
Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасы үшін соңғы екі «Challenge Cup» кезеңі жай жарыс емес, әлем чемпионатына дайындықтың маңызды бөлігі болды. Сол дайындықтың нәтижесінде ұлттық құрама гимнастары жүлдеден дәмелі екенін көрсетті. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Қазақстандық гимнастар халықаралық аренада өз дайындықтарын пысықтап, бағдарламаларын сынақтан өткізді. Осылайша олар алдағы әлем біріншілігінде қандай нәтижеге қол жеткізе алатынын байқап көрді.
Турнирлер ұлттық құрама көшбасшыларының тұрақтылығын көрсетті. Тәжірибелі спортшылар бабында екенін дәлелдеді. Олар іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, финалға жолдама алды. Сонымен қатар бастапқы ұпай жүйесіне әсер ететін маңызды элементтердің күрделілігі сынақтан өтті.
Құрама бірден үш алтын медальмен көзге түсті. Парижде (Франция) Нариман Курбанов ат снарядында орындалатын жаттығуларда үздік атанды. Айта кетейік, өткен жылы да ол Франциядағы Олимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған еді.
Ал Зейнолла Ыдырысов осы бағдарлама бойынша өткен сайыста жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Венгрияның Сомбатхей қаласында өткен екінші кезеңде бапкерлер штабы қосалқы құрамдағы спортшыларға мүмкіндік берді. Олар да күрделі бағдарламаларды орындап, тәжірибе жинады. Жекелей сайыста финалға шыққан қазақстандықтар турнирді екі медальмен аяқтады.
Милад Карими өзінің үйреншікті снарядында жеңімпаз атанды. Ол кермеде орындалатын жаттығуларда ешкімге есе жіберген жоқ. Сондай-ақ Дмитрий Патанин өте сәтті өнер көрсетті. Ол екі финалға жолдама алды. Еркін жаттығуларда алтын медаль иеленсе, қоссырықта алтыншы орынға тұрақтады.
Ұлттық құраманың дайындығы сәтті өтті деуге толық негіз бар. Үш алтын, финалдық кезеңдерге өту, әлемнің мықты гимнастарымен бәсекелесуге дайын болу - мұның бәрі спортшыларымыздың қазіргі деңгейін көрсетіп тұр. Атлеттер маусымның басты додасы қарсаңында бабына еніп келеді.
Алдағы әлем біріншілігі Қазақстан құрамасы үшін тек өз мықтылығын сынау ғана емес, сонымен бірге елімізде спорттық гимнастиканың өркендеп келе жатқанын және әлем үздіктерінің қатарынан орын ала алатынын дәлелдеудің мүмкіндігі болмақ.
Өткен «Challenge Cup» кезеңдері әлем чемпионаты алдындағы соңғы сын болды. Енді ұлттық құрама маусымның басты жарысына бағытталған дайындықтың шешуші кезеңіне кіріседі. Айта кетейік, 2025 жылғы әлем чемпионаты 19-25 қазан аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өтеді.