Әлемдік рекордқа бір қадам: қазақстандық конькимен жүгірушілер Әлем кубогын сәтті бастады
![]() |
Конькимен жүгіруден Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңі Қазақстан құрамасының олимпиадалық жолдамалар үшін күресін бастап берді. Құрама бірқатар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, медаль жеңіп алып, бірнеше рекордты жаңартты. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-тағы Әлем кубогы кезеңінде отандастарымыз 15 мәрте жекелей рекордты жаңартты. Сондай-ақ төрт мәрте еліміздің жоғары нәтижесін жақсартты. Бұдан бөлек, Евгений Кошкин 500 метрлік қашықтықта әлемдік рекордқа бір қадам жақын болды. Ол күміс медаль иеленді.
Қазақстандық спортшы 33,67 секундта мәреге жетті. Ол тек нидерландтық Йеннинг Де Буге жол берді - 33,63. Айта кетейік, бұл қашықтықтағы әлем рекорды ресейлік Павел Кулижниковқа тиесілі. Ол 2019 жылы 33,61 секунд уақыт көрсеткішін тіркеген еді. Демек, Кошкин де, Де Бу да тарихты жаңартуға бір қадам жетпей қалды.
Алайда Кошкин жеңіс жолын жалғастыра алмады. Калгариде (Канада) өткен екінші кезеңде Евгений жүлдесіз қалды. Ол барлық қатысушылардың ішінде ең жылдам жүгіріп бастаған спортшылардың қатарында болды. Бірақ қашықтықта қателік жіберіп, медальға қол жеткізе алмады. Соған қарамастан, конькишінің әлеуеті жоғары. Ең бастысы - салқынқандылық танытып, Херенвенде өтетін үшінші кезеңде қайтадан үздік үштікке ену. Әлем кубогының жалпы есебінде Кошкин әзірге 11-орында тұр.
Надежда Морозова да тұрақты өнер көрсетуде. АҚШ-та өткен 1000 метрлік қашықтықтағы жарыста ол 7-орын алды. 1500 метрлік қашықтықта спортшы В тобына түсті. Ол бұл жарыста үздік атанып, Қазақстан рекордын жаңартты. Тіпті А және В топтарын қоса есептегенде, барлық спортшының ішінде екінші нәтиже көрсетті.
Морозова 3000 метрде де жеңіске жетті. Бұл қашықтықта да ол В тобында жүгіргендіктен, жүлделер тізіміне енген жоқ. Дегенмен тағы бір ұлттық рекордты жаңартты. Спортшы маусым басында тұрақтылығымен көзге түсіп, Әлем кубогының екінші кезеңінде ел рекордын қайталады. Бұған қоса, командалық жарыста Қазақстан құрамасының рекорд жаңартуына үлес қосты.
Ұзақ үзілістен оралған Мария Голубева да айтарлықтай нәтиже көрсетті. 3000 метрде В тобында төртінші орын алып, жекелей көрсеткішін 5 секундқа жақсартты. Сондай-ақ ол 1500 метрді сәтті жүгіріп өтті. Мария В тобында үшінші орынды иеленіп, масс-стартта жеңіске жетті.
Екінші кезеңде Кристина Силаева 500 метрде 8-орынға тұрақтады. Александр Кленко мен Арина Ильященко аралас эстафетада 7-орынға табан тіреді. Әйелдер құрамасы да командалық із кесу жарысында 7-орынға ие болды.
Қазіргі таңда олимпиадалық жолдамалар үшін қызу бәсеке жалғасып жатыр. Әлі екі іріктеу кезеңі бар. Содан кейін 2026 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушылары анықталады. Әлем кубогының үшінші кезеңі желтоқсанның 5-7 күндері Херенвенде (Нидерланд) өтеді. Біздің құраманың басты міндеті - бар позицияны сақтап, кейбір қашықтықта нәтижені жақсарту. Сондықтан отанжастарымызды қызу бәсеке күтіп тұр.
02.12.2025
Автор: sportinfo.kz Рубрика: Конькобежный спорт Категория: Казахстанские Тематика: Другие
Вернуться к списку материалов





