Кристина Шумекова: әр қашықтықтың өз ерекшелігі бар әрі өз-өзіңмен күресуді талап етеді
![]() |
Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының өкілі Кристина Шумекова жуырда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының басты қаһармандарының біріне айналды. Отандасымыз жарыста алты медаль жеңіп алды. Соның ішінде бесеуі алтын. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында конькиші ересектер деңгейіне ауысу жайында және әлем біріншілігіндегі табысты өнерінен кейінгі әсерімен бөлісті.
Еске сала кетейік, Кристина Шумекова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарда, әйелдер арасындағы командалық жарыста, сондай-ақ, кіші көпсайыста алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, 3000 метр қашықтықта екінші орында мәреге жетіп, күміс жүлдеге ие болды.
Спортшының айтуынша, бұл турнирдегі нәтиже - маусым бойы атқарылған ауқымды жұмыстың және жүйелі дайындықтың жемісі.
"Өз өнеріме көңілім толады. Біз маусым бойы көп жұмыс істедік және соның жемісін көрдік. Бірнеше қашықтықта жүгірдім. Негізгі мақсатымыз - көпсайысқа қатысып, медаль үшін күресу еді. Осындай нәтижеге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Бұл - мен үшін үлкен жетістік", - деді спортшы.
Конькиші ірі жарыстарда тек физикалық дайындық қана емес, спортшының психологиялық күйі де аса маңызды екенін атап өтті. Әсіресе қысқа уақыт ішінде бірнеше дисциплинада сынға түсетін кезде бұл фактордың маңызы арта түседі.
"Әр жарысқа біз физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын болып шығуға тырысамыз. Әрине, мүлде шаршамаймыз деу қиын. Бірақ оны жеңуге, зейінді сақтауға тырысамыз. Қалыпқа келу процесіне де ерекше мән береміз", - деді ол.
Германияның Инцелль қаласында өткен әлем чемпионатында Кристина Шумекова масс-старттан басқа барлық бағдарламада бақ сынады. Дегенмен спортшы өзіне ерекше жақын бір қашықтықты бөліп айту қиын екенін айтты.
"Маған барлық қашықтықта жүгірген ұнайды. Сондықтан біреуін ғана бөліп айту қиын. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Барлық жарыста да тыңғылықты дайындық, әр қимылды дәл орындау және ең бастысы - өз-өзіңді жеңе білу маңызды", - деді ол.
Сондай-ақ спортшы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Келесі маусымда ол мансабында жаңа белеске көтерілуді көздейді.
"Келесі маусымда ересектер арасындағы Әлем кубогының кезеңдеріне және әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Өзімнің бір қадам алға жылжығанымды сеземін. Техникам мен физикалық дайындығымды жақсарттым. Бірақ әлі де үйренетін, жетілдіретін тұстар көп.
Қазір көңіл күйім өте жақсы. Елімнің қуанып, қолдау білдіруі маған ерекше сезім сыйлайды. Бұл алдағы уақытта да тынбай еңбек етіп, жаңа белестерге ұмтылуға жігерлендіреді", - деді спортшы.
11.03.2026
Автор: sportinfo.kz Рубрика: Конькобежный спорт Категория: Казахстанские Тематика: Олимпиада
Теги: Кристина Шумекова, Қазақстан, спорт, конькимен жүгіру
Вернуться к списку материалов





