Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды
![]() |
Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында жеңіл атлетикадан ел чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы мен бас хатшысы Келбет Нұрғазина қатысты.
Біріншіліктің негізгі жарыстары аталған университетінің су жаңа алаңында өтуде. Ал лақтыру түрлері бойынша сайыстар Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылуда. Чемпионатқа еліміздің 17 өңірінен 265-тен астам спортшы жиналып, 48 жеке сайыс түрі мен эстафеталық жарыстарда бақ сынауда.
Ұлттық дода 24 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады.
Чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде спорттық жүріс, жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
20 шақырымдық спорттық жүрісте әйелдер арасында Алматы қаласының өкілі Кристина Морозова 1:44:12.16 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Батыс Қазақстан облысының спортшысы Полина Репина (1:51:50.95) күміс, Астана қаласының өкілі Ұлар Қуандық (2:17:21.24) қола жүлдені иеленді. Ерлер арасында Жарылқасын Егізбай (Шымкент) 1:35:58.47 нәтижесімен Қазақстан рекордын жаңартып, чемпион атанды. Дархан Асетханұлы (1:44:33.56) күміс, Азизхан Камилжанов (1:45:25.74) қола жүлдеге ие болды.
Найза лақтырудан әйелдер арасында Варвара Назарова (Шығыс Қазақстан облысы) 45,75 метр нәтижемен алтын жүлдеге қол жеткізді. Диана Гейнц (Павлодар облысы) – 43,36 метрмен екінші, Ұлболсын Есіркеп (Түркістан облысы) – 41,46 метрмен үшінші орын алды. Ерлер арасында Алексей Хлыстов (Шығыс Қазақстан облысы) 70,47 метрге лақтырып, жеңіске жетті. Артур Гафнер (70,40 м) күміс, Дмитрий Федоренков (Павлодар облысы, 68,50 м) қола жүлдені иеленді.
100 метрге жүгіруде әйелдер арасында Виктория Ан (Астана) 11,90 секунд нәтижемен чемпион атанды. Маргарита Назаренко (Ақмола облысы) – 12,21 секундпен екінші, Дарья Гридасова (Алматы) – 12,31 секундпен үшінші орынға ие болды. Ерлер арасында Алмат Төлебаев (Алматы) 10,71 секунд нәтижемен жеңіске жетсе, Данил Попов (Қарағанды облысы) – 10,84 секундпен күміс, Руслан Құрманәлиев (Астана) – 10,96 секундпен қола жүлдені жеңіп алды.
Биіктікке секіруден Кристина Овчинникова (Қарағанды облысы) 1,84 метр көрсеткішпен жеңіске жетті. Елизавета Матвеева (Шығыс Қазақстан облысы) – 1,80 метрмен екінші, Надежда Дубовицкая (Шығыс Қазақстан облысы) – 1,75 метрмен үшінші орын алды.
Әйелдер арасындағы ядро итеруде Ангелина Полтинова (Шымкент) 12,05 метр нәтижемен алтын жүлдені иеленді. Яна Лукутина (Қостанай облысы) – 12,03 метрмен күміс, Сабина Потапова (Қарағанды облысы) – 11,68 метрмен қола жүлдеге қол жеткізді.
Сырықпен секіруден Анастасия Ибрагимова (Алматы) 3,90 метр нәтижемен жеңімпаз атанды. Полина Иванова (Алматы) – 3,80 метрмен екінші, Ангелина Володкина (Шымкент) – 3,20 метрмен үшінші орын алды.
Әйелдер арасындағы ұзындыққа секіруде Анастасия Рыпакова (Шығыс Қазақстан облысы) 6,11 метр көрсеткішпен жеңіске жетті. Екатерина Михайленко (Ақмола облысы) – 5,86 метрмен күміс, Анастасия Кононович (Ақмола облысы) – 5,83 метрмен қола жүлдені иеленді.
1500 метрге жүгіруде әйелдер арасында Аяна Болатбекқызы (Жетісу облысы) 4:26.77 нәтижемен бірінші орын алды. Дарья Миллер (Алматы) – 4:29.40 көрсеткішпен күміс, Ақбаян Нұрмамет (Жетісу облысы) – 4:33.29 нәтижемен қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Игорь Хрунин (Шығыс Қазақстан облысы) 4:00.75 нәтижемен чемпион атанды. Вадим Левченков (Солтүстік Қазақстан облысы) – 4:02.20, Даур Доспулов (Қостанай облысы) – 4:06.61 нәтижемен жүлдегерлер қатарынан көрінді.
400 метрге жүгіруде Милана Зубарева (Қарағанды облысы) 56,98 секундпен, ал Елнор Мұхитдинов (Шығыс Қазақстан облысы) 47,66 секундпен жеңіске жетті. Күміс жүлдені Екатерина Кузнецова (57,75) мен Ефим Тарасов (48,11), қола жүлдені Екатерина Колода (58,11) мен Михаил Литвин (48,29) иеленді.
Ерлер арасындағы ядро итеруде Иван Иванов (Шығыс Қазақстан облысы) 18,57 метр нәтижемен чемпион атанды. Евгений Лабутов (Маңғыстау облысы) – 16,57 метрмен екінші, Вадим Песоцкий (Шымкент) – 14,73 метрмен үшінші орын алды.
10 000 метрге жүгіруде әйелдер арасында Дэйзи Джепкемей (Шығыс Қазақстан облысы) 33:52.33 нәтижемен жеңіске жетті. Дана Айдосова (Алматы) – 36:09.40 көрсеткішпен күміс, Каролин Чепкоэч Кипкируи (Шығыс Қазақстан облысы) – 36:41.73 нәтижемен қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Максим Фроловский (Алматы) 28:50.94 нәтижемен бірінші орын алса, Шадрак Кимутай Коэч (Шығыс Қазақстан облысы) – 30:48.08 көрсеткішпен күміс, Есенбол Жанабек (Жетісу облысы) – 31:23.73 нәтижемен қола жүлдені жеңіп алды.
Ерлер арасындағы ұзындыққа секіруде Александр Кузьмичев (Маңғыстау облысы) 7,18 метр нәтижемен жеңіске жетті. Вадим Карнаухов (Ақмола облысы) – 7,07 метрмен екінші, Георгий Ли (Қарағанды облысы) – 7,02 метрмен үшінші орынға тұрақтады.
4×100 метрлік эстафетада әйелдер арасында Алматы қаласының құрамасы 48,56 секунд нәтижемен чемпион атанды. Ақмола облысы (48,66) күміс, Шығыс Қазақстан облысы (49,40) қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Қарағанды облысының құрамасы 42,12 секунд нәтижемен жеңіске жетсе, Шығыс Қазақстан облысы (42,54) екінші, Алматы қаласының құрамасы (42,62) үшінші орын алды.
23.07.2026
Рубрика: Легкая атлетика Категория: Казахстанские Тематика: Легкая атлетика
Теги: Астана, жеңіл атлетика, Қазақстан чемпионат, спорт
Вернуться к списку материалов





