Евгений Кошкин Олимпиадаға қатысты жоспарларымен бөлісті
![]() |
2026 жылы Италияда өтетін Олимпиада ойындарының басталуына санаулы уақыт қалды. Конькимен жүгіруде Қазақстан құрамасына ілігуге басты үміткерлердің қатарында биылғы маусымда шеберлігін айқын көрсете білген Евгений Кошкин бар. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында отандасымыз алдағы Олимпиададан не күтетінін, алға қойған мақсаттары мен ішкі сезімдері туралы айтып берді.
- 2026 жылғы Олимпиада сіздің спорттық мансабыңыздағы алғашқысы болмақ. Мұндай маңызды дода қарсаңында қандай сезімдесіз?
- Қазіргі сезімім екіұдай. Өзіме артық қысым жасағым келмейді. Бұл - менің алғашқы қатысуым, қазіргі таңда Олимпиаданың қандай боларын тек елестете аламын.
- 2020 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы қарсаңында сіз халықаралық аренамен енді ғана танысып жүрген едіңіз. Ол кездегі эмоцияларыңыз қандай болды? Олимпиада-2026 алдындағы көңіл күйіңізден қандай айырмашылық бар?
- 2020 жылы мені фавориттердің қатарына қосу қиын еді. Бірақ барлығы біз күткендей болған жоқ. Жарыс Лозаннада өткенмен, біз Санкт-Морицте болдық. Барлық салтанат пен мерекелік шаралар Швейцарияның басқа бір бөлігінде өтіп, біз өзімізді үлкен оқиғадан шет қалғандай сезіндік. Олимпиада жақсы көңіл-күйде өтті деп айта алмаймын. Дегенмен сәттілікке сенім артудың өзі қателік еді. Жеңіс әрдайым жақсы дайындалған әрі мықты спортшыға бұйырады. Ал қазір Миланда стадионның болуы мені қуантады. Біз жарыстың басы-қасында боламыз. Сондықтан Олимпиаданың атмосферасын толық сезініп, ең бастысы, баға жетпес тәжірибе жинауды мақсат етіп отырмын.
- Осы маусымда сіз әлемдік рекордқа барынша жақын болдыңыз. Өзгелер де сіздің қарқын алуыңызды жоғары бағалайды. Бұл артықшылығыңызды жарыс басталар сәтте сезінесіз бе?
- 100 метрлік бөлікте өз әлеуетімнің бар екенін сезінемін. Қазіргі таңда дәл осы арақашықтықта әлемде ең жылдам қарқын алатын менмін. Ал толық 400 метрге келсек, бір айналымды орта деңгейден сәл жоғары деп бағалар едім. Егер қашықтық кезінде бәрін дәл әрі мінсіз орындасам, нәтижесі де жаман болмайды. Тіпті, жүлдеге ілігуім де мүмкін. Дегенмен жалпы қашықтық бойынша өзімді бәрінен басыммын деп айтуға әлі ерте. Қазір мен үшін толық үстемдік туралы сөз қозғау орынсыз.
- Алғашқы Олимпиадаңызға қандай мақсатпен аттанғалы отырсыз: тәжірибе жинау үшін бе, әлде әлеуетіңізді толық көрсету үшін бе?
- Әрине, жарысқа барынша дайын болып, өз әлеуетімді көрсеткім келеді. Біз күнделікті жаттығудың бәрін соған арнап жатырмыз. Қазірдің өзінде жүлде алуға мүмкіндік бар, үміт те жоқ емес. Алайда, бәрі дәл сол күні мінсіз болады дегенге сенбеймін. Көбіне жарыс күні күтпеген сценариймен өтеді.
Мен үшін ең маңыздысы - жан-жақтан қысым болуына қарамастан, осындай жоғары деңгейдегі жарыстарда өзімді шыңдау. Әдетте менде не бәрі ойдағыдай өтпейді, не әлемдік рекордқа жетемін (күледі). Орташа нәтиже деген жоқ. Ал Олимпиада ойындарында не боларын өзім де тағатсыздана күтіп отырмын.
Евгений Кошкин бұған дейін де Олимпиада атмосферасын сезініп үлгерген. 2020 жылы ол жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысса, 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасының қосалқы құрамында болды. Алайда сол жолы мұз айдынына шығу мүмкіндігі бұйырмады. Ал бұл жолы ол ерлер құрамасында 2026 жылғы Олимпиадаға іріктеудің барлық талабын толық орындаған жалғыз спортшы атанып отыр.
Ағымдағы маусымда Кошкин өз әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ол АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде күміс жүлдеге ие болды. 500 метрлік қашықтықты 33,67 секундта жүріп өтіп, әлемдік рекордқа бір табан жақындады. Қазіргі таңда Евгений Кошкин әлемдегі ең жылдам қарқын алатын конькишілердің қатарында.
15.01.2026
Автор: sportinfo.kz Рубрика: Конькобежный спорт Категория: Казахстанские Тематика: Другие
Вернуться к списку материалов
Материалы по теме
15.01.2026
Все материалыАлександра Скороходова тау шаңғы спортынан... ![]()
Отандасымыз алып слалом сайысында алтын медаль...
Подписка на новости





