Жора Арутюнян: Бұл, ең алдымен, олардың жеңісі
![]() |
«Қайрат» бас бапкері міндетін атқарушы Жора Арутюнян УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі 3-тур аясында «Аталантаға» қарсы өткен матчқа (1:1) пікір айтып, журналистердің сұрағына жауап берді. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі «Қайрат» ФК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
— Эмоция толып тұр. Жалпы барлық футболшыға алғыс айтқым келеді. Бұл, ең алдымен, олардың жеңісі. Киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, әрқайсысына алғысымызды айттық. Қалған матчтарда да осылай ойнаса, жеңіс міндетті түрде келеді дедік.
— Еурокубоктағы дебютіңіз құтты болсын! Осы маусымда «Қайрат» та, тіпті «Қайрат-Жастар» да үш орталық қорғаушымен ойнаған жоқ. Мұндай тактикалық шешімге не себеп болды?
— Құттықтағаныңызға рақмет. Жалпы біз кіммен ойнайтынымызды ескеріп, қарсыласқа да, өз футболшыларымызға да қолайлы ойын жоспарын құрамыз. Бұл туралы жігіттермен Алматыда жүргенде-ақ сөйлесіп, өз көзқарасымызды жеткіздік. Сонымен қатар олардың «Пармаға» қарсы өткен алдыңғы матчын көрдік. Ол ойында «Парма» жеңіске жеткен еді. Сол матчтан да командамызға тиімді болатын тұстарды байқадық. Сондықтан бүгін осындай шешім қабылдадық. Жалпы, жаман шыққан жоқ. Бірақ бұдан былай үнемі осылай ойнаймыз деген сөз емес. Басқа матчтарда өзгеше тактика қолдануымыз мүмкін. Барлығы қарсыласқа және оның алаңдағы орналасуына байланысты. Біздің мақсатымыз — футболшыларымыздың доппен де, допсыз да ойнауын жеңілдету.
— Жеңуге өте жақын болдық. 82-минутта гол жіберіп алдық. Сіздің ойыңызша, соңғы он минутта жеңісті сақтап қалу үшін командамызға не жетіспеді?
— Жалпыға түсінікті жауап берсем, аздап тың ойыншылар жетіспеді. Өйткені көп уақыт қорғануға мәжбүр болдық, шабуылға шығу да қиынға соқты. Футболшылар көп күш жұмсады. Осындай командаға қарсы тым төмен шегінсең, олар сені доппен өз айып алаңыңа қарай ығыстыра береді. Соның салдарынан шаршайсың. Меніңше, бәріміздің шаршағанымыз, кейбір жігіттердің бұлшықеті құрысып қалғаны да әсер етті. Бұл бүгін барлығының бар күшін салғанын көрсетеді. Матчқа дейін біреу бізге тең ойнайтынымызды айтса, бәріміз қуанар едік. Бірақ ойын барысына қарасақ, жеңіске жақын болдық. Өкінішке қарай, сол стандартты жағдайдан гол жіберіп алдық. Жалпы жігіттердің бүгінгі еңбегі мен көрсеткен ойыны осындай нәтижеге лайық болды деп ойлаймын.
— Марк Гуальді ауыстырғаныңызға да осы жағдай себеп болды ма? Өйткені оны ауыстырғанда ол бұған көңілі толмағандай, матчта көбірек ойнағысы келгендей көрінді.
— Жоқ, біз Маркпен де жиі сөйлесеміз. Ол — біз үшін өте маңызды ойыншы. Шабуыл шебінде қозғалысты күшейту қажет екенін түсіндік. Сондықтан Исмаил Бекболат пен жылдам Ойва Юкколаны алаңға шығарып, ойынды өз қақпамыздан алысырақ ұстағымыз келді. Өйткені жігіттердің шаршағаны байқалып тұрды. Әрине, барлық ойыншы біз күткендей өнер көрсетті дей алмаймын, бірақ жалпы жігіттердің бәрі жарады. Еркін де, Байбек те, Әділет Садыбеков те алаңға жақсы шықты. Бүгін әрқайсысы біртұтас команда ретінде ойнады. Гуальмен сөйлестік. Ол бұл шешімді түсінді деп ойлаймын.
— Ұзақ үзілістен кейін ойынға қалай дайындаласыздар? Алдағы матчтарда қандай қиындық болуы мүмкін?
— Бізді ұзақ үзіліс күтіп тұр. ФИФА күнтізбесіндегі үзілістен кейін ойынға оралу әрдайым қиын. Оның үстіне, футболшыларымыз құрамаларынан оралғаннан кейін бір аптадан соң матч өткіземіз. Жалпы бұл қалыпты жағдай. Өйткені ойыншылар әртүрлі жағдайда оралады: біреулері U-21 құрамасынан, енді біреулері ұлттық құрамадан келеді. Бірі бастапқы құрамда ойнаса, екіншісі алаңға шықпайды, ал кейбірі барлық матчты қосалқы құрамда өткізеді. Сондықтан олардың физикалық дайындығы да әртүрлі болады. Бірақ бір аптаның ішінде бәрін бір деңгейге келтіре аламыз деп ойлаймын. Ал алдағы матчтар жеңілірек болады деп ойламаймын. «Аталантамен» тең ойнағанымыз басқа кездесулерде оңай болады дегенді білдірмейді. Керісінше, дәл осындай қиындық күтіп тұр. Келесі қарсыласымыз — Швеция чемпионы. Оны бәріңіз білесіздер. «Крайова» да өте мықты команда. Ал «Твенте» туралы айтудың өзі артық. Сондықтан оңай болмайды. Тек бүгінгідей әр матчта ойнап, жаттығуда да дәл осындай қарқынмен жұмыс істеп, бір-біріміз үшін күрессек, алға қойған мақсатымызға жете аламыз. Мұны жігіттерге киім ауыстыратын бөлмеде де айттым.
— Әдетте тең ойыннан кейін құттықтау қалыпты емес, дегенмен нәтиже құтты болсын. Клуб басшылығымен болашағыңызға қатысты қандай да бір келісім бар ма?
— Әзірге, өзіңіз айтқандай, тек тең ойнап жүрміз. «Алтаймен» — 1:1, «Аталантамен» де — 1:1. Жалпы келісіміміз бойынша осы матчтардың барлығы аяқталған соң клуб басшылығымен отырып, алдағы жоспарларымызды талқылаймыз.
— Толық бір маусым бойы жұмыс істеуге дайынсыз ба?
— Өткен баспасөз мәслихатында да айтқанмын. «Қайрат» құрылымында жұмыс істейтін кез келген бапкер үшін негізгі команданы жаттықтыру — арман. Амбицияң болса, алдыңа ең биік мақсаттарды қоясың. Осы деңгейге жету мен үшін арман еді. Әрине, командада қалғым келеді. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді. «Твенте» матчынан кейін басшылықпен кездесіп, сөйлесеміз. Сол кезде белгілі бір түсінік қалыптасады. Әзірге бұл туралы айтуға ерте.
Жалпы баршаңызға алғыс айтқым келеді. Бізді жылы қабылдадыңыздар, жақсы сұрақ қойдыңыздар. Жанкүйерлерге де стадионға келіп, қолдау көрсеткендері үшін рақмет! Бүгін «Аталанта» жанкүйерлерінің дауысы кей сәттерде қатты естіліп жатты. Әрине, олардан басым түсу оңай емес. Бірақ біздің жанкүйерлер отырған трибунадағы қолдаудың орны бөлек. Бұл біз үшін өте қымбат! Баршаңызға көп рақмет. Жігіттер Қазақстанның туын көргенде, сол тудың, еліміздің намысы үшін алаңда барын салды деп ойлаймын.
06.11.2026
Рубрика: Еврокубки Категория: Казахстанские Тематика: Футбол
Теги: Жора Арутюнян, Қайрат, Атланта, футбол, УЕФА, Конференция лигасы, спорт, Алматы, Қазақстан
Вернуться к списку материалов
Материалы по теме
Результаты матчей Лиги конференций УЕФА на 6...
В четверг, 5 ноября, прошли матчи 3-го тура...




