Таеквондодан (WT) Қазақстан ұлттық құрама командасы Әлем чемпионатына қатысады
![]() |
24-30 қазан күндері Қытайдың Уси қаласында WT таеквондодан ересектер арасында Әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзілік біріншілікке әлемнің 179 елінен 991 спортшы тіркелген. Жылдың ең басты додасында Қазақстан намысын 18 таеквондошы қорғайды.
Таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов Әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың қалай іріктелгенін айтып, Уси даянгында бақ сынайтын таеквондошылар есімін атады:
«Әлем чемпионатына іріктеудің бірінші кезеңі, әрине, ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты болды. Ел біріншілігінде топ жарған спортшылар Болгарияда өткен «Bulgaria Open 2025» және Қытайда өткен «WT Президентінің кубогы – Азия аймағы» (WT President’s Cup – Asian region) халықаралық жарыстарына қатысты. Қос жарыста көзге түскен, жоғары нәтиже көрсеткен спортшылардан Әлем чемпионатына қатысатын құраманы жасақтадық. Әлем чемпионатына ұлттық құрама толық құраммен, ерлер 8 және әйелдер 8 салмақ дәрежелерінде қатысады.
Өздеріңіз білесіздер, Әлем чемпионатына осал спортшы келмейді. Деңгейін және қатысатын спортшылар санына қарап, бәсекелестік Олимпиада ойындарынан да жоғары болады деуге болады. Әлем чемпионатына тек үздіктердің үздігі ғана қатысуға мүмкіндік алады.
Қазақстан құрамасы да қара жаяу емес. Қазіргі таңда жаңа маусымда сәтті және тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан бірнеше спортшымыз бар. Өз салмақ дәрежелерінде әлемдік көшбасшылар қатарына енетін Нодира Ахмедова, Тілеулес Тамирлан, Батырхан Төлеуғали, Батырхан Шуленов, Қаблан Бейбарыс және Самирхон Абабакировтан күтеріміз мол. Барлық спортымыз Әлем чемпионатына жоспар бойынша тыңғылықты дайыналды. Соңғы жылдары әлем чемпионатында ел қоржынына жүлде түспеген. Біз осы жолы нәтижені жақсартып, жүлдемен оралуға барымызды саламыз».
Уси қ. (Қытай) өтетін Әлем чемпионатында Қазақстан намысын келесі спортшылар қорғайды:
Ерлер құрамасы:
-54 кг: Бекзод Қадірқұлов
-58 кг: Тамирлан Тлеулес
-63 кг: Самирхон Абабакиров
-68 кг: Дамир Шүленов
-74 кг: Бекасыл Ергеш
-80 кг: Батырхан Төлеуғали
-87 кг: Нұрлан Мырзабаев
+87 кг: Бейбарыс Қаблан
Әйелдер құрамасы:
-46 кг: Айдана Құмартаева
-49 кг: Нодира Ахмедова
-53 кг: Әзиза Қаражанова
-57 кг: Мария Севостьянова
-62 кг: Айша Әділбекқызы
-67 кг: Нұрай Хусайнова
-73 кг: Назым Махмутова
+73 кг: Евгения Каимова
08.10.2025



Автор: sportinfo.kz Рубрика: Другое Категория: Казахстанские Тематика: Другие
Вернуться к списку материалов